Ресейде 1 қыркүйектен бастап дәріханалар үшін жаңа ереже күшіне енеді

МӘСКЕУ. KAZINFORM — 1 қыркүйектен бастап, егер фармацевтер дәріханаларда сатып алушыларға дәрі-дәрмектердің арзанырақ баламалары туралы ақпарат бермесе, оларға 100 мыңнан 200 мың рубльге дейінгі әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы ТАСС агенттігіне О.Е. Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің медициналық құқық кафедрасының доценті Алексей Кубышкин хабарлады.

Дәріхана
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Әкімшілік айыппұл сомасы 100 мыңнан 200 мың рубльге дейін болуы мүмкін.

— 2025 жылғы 29 сәуірдегі №259 Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген, медициналық қолдануға арналған дәрілік заттардың дәріханалық тәжірибесінің тиісті ережелерінің 15-тармағына сәйкес, дәріхана қызметкерлері немесе басқа да дәрі-дәрмек бөлшек сауда субъектілері өз міндеттеріне байланысты сатып алушыларға арзан дәрілердің бар екені туралы ақпаратты ұсынуы тиіс, — деді заңгер.

Ол 2011 жылғы 21 қарашадағы №323-ФЗ «Ресей Федерациясында азаматтардың денсаулығын сақтау негіздері туралы» Федералдық заңның 74-бабы 2-бөлімі 4-тармақшасында фармацевтер мен дәріхана ұйымдарының басшылары арзан дәрілердің немесе медициналық бұйымдардың барын жасыруға құқығы жоқ екені бұрыннан көрсетілгенін еске салды. Алайда, жаңа норма осы талапты нақтылай түседі.

— Мұндай нақтылау заңнамалық реттеудегі түсініксіздікті жою үшін керек. Бұл талаптың тәжірибеде іске асырылуы үшін, дәріхана басшылары өз қызметкерлерінің тиісті біліктілік дағдыларын дамыту мен бақылауға міндеттеледі. Сондай-ақ, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің (ҚКӘК) 14.1-бабы 4-бөлігіне сәйкес, 100-200 мың рубль көлемінде айыппұл салу мүмкіндігі қарастырылған, — деді Кубышкин.

Оның айтуынша, бұл норма азаматтардың қолайлы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу құқығын сақтау үшін қажет, әсіресе азаматтың қаржылық жағдайын ескере отырып. Ал жаңа ережелердегі нақтылау фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалар үшін қаржылық тәуекелдерді айтарлықтай арттырмайды.

Айта кетейік, Ресейде АИ-92 бензинінің биржадағы бағасы жаңа рекорд орнатты.