Ресейде алаяқтарға қарсы жаңа жоба іске асырылады

МӘСКЕУ. KAZINFORM - Ресейде мемлекеттік құрылымдар мен компаниялардың ресми сайттары ретінде жасалатын, алайда кейіннен алаяқтар азаматтардың құпия сөздері мен басқа да жеке мәліметтерін ұрлау үшін қолданатын фишингтік сайттар мен қосымшаларға қолжетімділікті шектеу бойынша пилоттық жоба іске қосылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі РФ Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

интернет-мошенники
Фото: Freepik

Пилоттық жобаны іске асыру осы жылдың 4 маусымында басталып, 2026 жылғы 1 наурызда аяқталуы жоспарланған.

Хабарламада жобаның мақсаты – мемлекеттік мекеме, компания немесе банкке ұқсас домендік атауы бар жалған интернет-ресурстар мен қосымшаларды анықтап, оларды жедел бұғаттау механизмін әзірлеу екені айтылған.

Жобадағы негізгі міндеттердің бірі – алаяқтық сайттар мен қосымшаларды анықтап, бұғаттау кезінде әртүрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың өзара іс-қимыл механизмдерін пысықтау, сондай-ақ мұндай механизмдерді нормативтік түрде бекіту бойынша ұсыныстар дайындау.

Ресейлік мемлекеттік органдар тарапынан жобаға Цифрлық даму министрлігі, ІІМ, Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ), Мәдениет министрлігі, Қаржы министрлігі, Федералдық салық қызметі, Роспатент, Ресей Банкі және Бас прокуратура қатысады.

Сонымен қатар жобаға автономды коммерциялық емес ұйым – «Ұлттық интернет-доменді үйлестіру орталығы» және «Интеграл» ғылыми-зерттеу институты қатысады деп жоспарланып отыр.

Бұл жоба азаматтарды алаяқтық әрекеттерден қорғаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, интернеттегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Жоба «Киберқауіпсіздік инфрақұрылымы» атты федералдық жобаның аясында іске асырылады. Ол жаңа ұлттық «Деректер экономикасы және мемлекеттің цифрлық трансформациясы» жобасына кіреді.

Айта кетейік, әлеуметтік желідегі алаяқтықпен күресу үшін жұмыс тобы құрылады.

Соңғы жаңалықтар