Ресейде «Алтай ханшайымын» қайта жерлеуге қатысты сот ісі басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таулы-Алтайдың қалалық соты «алтай ханшайымы» сүйектерін қайта жерлеуге қатысты істі қарай бастады. Жергілікті тұрғындар соңғы кездегі көбейіп кеткен апаттардың барлығы мумияны қазып алғаннан болды, деп отыр.

Ресейде «Алтай ханшайымын» қайта жерлеуге қатысты сот ісі басталды

Соттың ресми сайтында арызданушы ретінде мумияны қайта жер қойнына беру мәселесі жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Акай Кине көрсетілген. Жауапкер тарап - А.Анохин атындағы археология және этнография институты.

Соттың келесі отырысы 2 ақпанға белгіленген.

Мумияны жер қойнына беру туралы арыз-талап сотқа 2015 жылы желтоқсан айында берілген.

«Алтай ханшайымын» 1993 жылы новосібір археологтары Алтай тау сілемдерінің Укок үстіртіндегі қорғандардан тапты. Алайда жергілікті тұрғындар мумияны ғалымдарға зерттеуге беруге қарсылық білдірді, әрі оны табылған жерге қайта әкеліп жерлеуді талап етіп отыр.

Екі жыл бұрын алтайлықтар осы шараға қатысты петицияға қол жинай бастады. Жергілікті тұрғындар апаттар мен бақытсыздықтардың барлығын археологтардың қорғанды қазып, сүйектерді алып шығуынан көруде.