Ресейде демалушылар жүрген көпір опырылып түсті
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресейдің Приморье өлкесіндегі Үлкен Тавайза жағажайында жаяу жүргіншілерге арналған көпір опырылып құлады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Мәскеудегі меншікті тілшісі ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға салдарынан төрт адам зардап шекті, олардың үшеуі — кәмелетке толмағандар. Ауруханаға жеткізілгендердің түрлі дәрежедегі сүйек сынуы анықталды.
Жергілікті әкімшілік өкілдерінің мәліметінше, бұл көпір бұрыннан апатты деп танылып, ресми түрде пайдалануға жабылған. Тыйым салынғанына және ескерту белгілері орнатылғанына қарамастан, демалушылар шектеулерді елемей, көпірді суға секіру және фотосессия жасау үшін пайдаланған.
Приморье өлкесінің прокуратурасы оқиғаға байланысты тексеру бастады. Тергеушілер қауіпті нысанға кірудің не себепті тиісті деңгейде шектелмегенін анықтап жатыр.
Бұған дейін Үндістанда көпірдің құлауы салдарынан тоғыз адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.