Ресейде есірткі контрабандасы үшін сотталған қазақстандық отанына экстрадициялауды өтінді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Ресейде есірткі контрабандасы үшін сотталған Қарағанды облысының тұрғыны жазасын отанында өтейтін болды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Нұра аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚР Бас прокуратурасы ҚР ҚПК 607-бабы тәртібінде Нұра аудандық сотына шетел мемлекетінің үкімін орындауды тану туралы ұсыныммен жүгінді. Красноярский өлкелік соты 2016 жылғы 11 наурызда Қазақстан азаматын есірткі контрабандасы үшін қатаң режімдегі түзеу мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сотталған азамат отанында жазасын өтеуге ауыстыру туралы өтінішпен жүгінді», - деді аудандық соттың баспасөз қызметінде. Сот Бас прокурордың ұсынымын қанағаттандырды. Соған ұқсас жаза тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.