Ресейде фестивальде елордалық парашютшілер бақ сынайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Дос» тәуелсіз өмір» орталығының төрт мүшесі парашютпен секіруден өтетін халықаралық фестивальға қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтына сілтеме жасап.

Ресейде фестивальде елордалық парашютшілер бақ сынайды

Жарыс шілденің 25-29-ы аралығында Ресейдің Рязань облысында өтеді. Шараға әлемнің әр түкпірінен тірек-қимыл жүйесіне зақым келген мүмкіндігі шектеулі жандар жиналады.

Қатысушылар жаттығуларды нұсқаушылармен бірге орындайды. Алдағы уақытта мүгедектер арасында бұл спорт түрін дамыту жоспарланып отыр. Осыған орай «Дос» тәуелсіз өмір» мүгедектер қоғамдық бірлестігі мен парашют спорты федерациясы меморандумға қол қойды. Құрама команда мүшесі Жанат Бабағұлованың айтуынша, алдыңа нақты мақсат қоя білсең, оған жетуге мүгедек арбасы кедергі бола алмайды. 

«Парашютпен секіруді бала кезден армандағанмын. Таныстарымның кеңесімен парашют клубына бардым. Біраз дайындықтан соң көкте қалықтауға мүмкіндік алдым. Ол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді, міне, жарысқа кетіп барамын. Талап бойынша секіргеннен бастап бейнетүсірілім жасалады. Қазылар техникаңа қарап бағалайды. Шетелде бұл спорт түрі жақсы дамыған. Енді, міне, бізде де оны өркендетуге қатысты келісімдер жасалып жатыр», - дедi Жанат Бабағұлова.