Ресейде қала мэрі жоғалып кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Йошкар-Ола қаласының полициясы із-түзсіз жоғалып кеткен қала мэрі Павел Плотниковты іздестіріп жатыр.
Шетелдік БАҚ хабарлағандай, Марий Эл Республикасының ІІМ ақпаратынша, түнгі сағат 1-лер шамасында полицияның кезекші бөліміне мэрдің жұбайынан оның күйеуі, 1977 жылы туған Плотников Павел Вячеславовичтің жоғалып кеткендігі туралы ақпарат келіп түскен. Сондай-ақ ол күйеуінің жұма күні Йошкар-Оладағы Құрылысшылар көшесіне барғанын, содан бері оның қайда екені белгісіз болып жатқанын жеткізген. Қала басшысын іздеуге мұндағы барлық патрульдік бекет қызметінің экипаждары, Мемлекеттік қауіпсіз жол қозғалысы инспекциясының, ведомстводан тыс күзет қызметкерлері жұмылдырылды.