Ресейде қанша қазақстандық студент медицина мамандығын оқып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында 10 мың қазақстандық білім алып жүр, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрі Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевпен және Ресей делегациясының өкілдерімен кездесу өткізді.
Министрліктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, тараптар денсаулық сақтау саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындады.
Кездесу барысында медициналық туризмді дамытуға, пациенттер алмасуға, заманауи медициналық технологияларды енгізуге, кадрлар даярлауға және шекаралас аумақтардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі медициналық туризмді дамыту және екі ел клиникаларының арасындағы тікелей байланысты жолға қою болмақ. Қазақстан тарапы медициналық ұйымдардың мүмкіндіктері, көрсетілетін қызмет түрлері мен олардың құны, пациенттерді жолдау және медициналық сүйемелдеу тәртібі туралы ақпарат алмасу тетігін құруды ұсынды.
Мамандандырылған медициналық көмек көрсету саласында тараптар катаракта мен глаукоманы емдеуге арналған жоғары технологиялық операцияларды, витреоретинальдық хирургиялық араласуларды қоса алғанда офтальмология бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды. Сондай-ақ мамандар алмасу, мастер-кластар мен тағылымдамалар өткізу, телемедициналық консультациялар бойынша пилоттық жобаны іске қосу мүмкіндігін пысықтау ұсынылды.
Келіссөздердің жеке бір бөлігі медицина кадрларын даярлау және ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастыққа арналды. Бұл ретте 69 студент білім алып, екі диплом алу мүмкіндігіне ие болатын Қарағанды медицина университеті мен Қазан мемлекеттік медицина университетінің бірлескен білім беру бағдарламасы оң тәжірибе ретінде атап өтілді.
Жалпы, Қазақстан мен Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарының арасында ынтымақтастық туралы 59 меморандум мен келісім жасалған. Қазіргі уақытта Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында шамамен 10 мың қазақстандық студент білім алса, Қазақстанның медицина университеттерінде Ресейдің 239 азаматы оқиды.
Тағы бір басым бағыт — санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және шекаралас өңірлердің шұғыл қызметтерінің төтенше жағдайларға дайындығын арттыру болады.
Орынбор облысының Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарымен ортақ шекарасы бар екенін ескере отырып, эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат алмасуды жандандыру, зертханалық қызметтердің арасындағы ынтымақтастықты дамыту және бірлескен профилактикалық іс-шаралар өткізу ұсынылды.
Сонымен қатар тараптар Шұғыл медицинаны ұлттық үйлестіру орталығының (ШМҰҮО) қатысуымен шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтауға бағытталған бірлескен оқу-жаттығулар өткізу мүмкіндігін қарастырды.
Бұл мамандардың өзара үйлесімді жұмысын жетілдіруге, практикалық тәжірибе алмасуға және төтенше жағдайлар кезінде медициналық қызметтердің жедел әрекет ету дайындығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастықты нығайтудың практикалық тетігі ретінде Қазақстан тарапы Орынбор облысында Қазақстанның шекаралас үш өңіріндегі медициналық ұйымдардың қатысуымен Денсаулық сақтау күндерін ұйымдастыруды ұсынды.
Іс-шара медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін таныстыруға, медициналық туризмді дамытуға және мамандардың арасында тікелей кәсіби байланыс орнатуға арналған алаң болмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады. Сондай-ақ белгіленген бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға және ортақ бастамаларды ілгерілетуге уағдаласты.
Бұдан бұрын Қазақстан мен Ресейдің Ленинград облысының тауар айналымы 257,9 млн долларға жеткенін жаздық.