12:14, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
Ресейде қарақшы кепілге алғандар губернатор Аман Төлеевтің арқасында аман қалды
МӘСКЕУ. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Ресейдің Ленинск-Кузнецкий қаласындағы «УРСА-Банк» бөлімінде қарулы қарақшы кепілдікке алған үш әйел, облыс губернаторы Аман Төлеевтің арқасында аман қалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ресейлік басылымдарға сілтеме жасап. Қылмыскер Аман Төлеевпен келіссөз жүргізіп жатқан сәтті пайдаланып, үш әйел терезеден қашып шығады. Келіссөзден кейін тұтқұйыл операция жасалып, соның барысында қылмыскер мергеннің оғынан өлді.Губернатормен болған әңгіме кезінде қылмыскер ақша талап еткен. «30 миллион және көлік беріңдер, сосын менің ізіме ешкім түспесін, олай болмаған жағдайда, мен өзіммен бірге кепілге алынғандарды ала кетемін және достарыма хабарласамын, сосын олар жарылғыш затты іске қосады», деп талап қойған қарақшы.А.Төлеев оны сабырлы болуға шақырып, оның өмірін аман сақтап қалуға уәде берген. Бірақ қылмыскер ешқандай ымыраға келмегендіктен, оның көзі жойылған. Естеріңізге сала кетейік, кеше, наурыздың 13-і күні кешке тапаншамен қаруланған бір азамат Ленинск-Кузнецкий қаласындағы банк бөлімшесіне басып кірген. Ол ұшақ және ақша талап еткен, онымен қоймай қылмыскер талаптарын қайта-қайта өзгертіп отырған. Қылмыскердің кепілдігінде барлығы бес адам ? үш әйел, екі күзетші болған. Олардың барлығы дін аман.