10:22, 10 Қараша 2017 | GMT +5
Ресейде қираған үйдің үйінділерінен алтыншы адамның мәйіті табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құтқарушылар Ресейдің Ижевск қаласында қираған үйдің үйінділерінің арасынан тағы бір адамның мәйітін тапты, деп хабарлайды ТАСС.
Төтенше жағдай орнында жұмыс істеп жатқан жедел штаб алты адамның өлгенін растап отыр.
«Соңғы мәліметтер бойынша алты адам өліп, үш жасөспірім зардап шеккен. Қазір олар ауруханада жатыр, жарақаттарының ауырлығы орташа деңгейде. Үйдің тағы екі тұрғынының қайда екені белгісіз, оларды іздестіру жалғасуда», - дейді жедел штаб өкілдері.
Еске сала кетейік, Ижевскідегі тоғыз қабатты тұрғын үйлердің бірінде бейсенбі күні жарылыс болған. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, жарылысқа тұрмыстық газ себеп болған. Тергеу органдары осы факті бойынша қылмыстық іс қозғады.