Ресейде мигранттар үшін жаңа мемлекеттік баж салығы енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей президенті Владимир Путин заңға қол қойды, оған сәйкес 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мигранттар үшін жаңа мемлекеттік баж салығы енгізіліп, бұрынғылары ұлғайтылады, деп хабарлайды Kazinform.
Ресейге ақша табу мақсатында келген шетелдіктер патентті беру немесе қайта рәсімдеу, сондай-ақ жұмыс істеуге рұқсаттың мерзімін ұзарту үшін 4200 рубль (шамамен 28 мың теңге) салық төлеуге міндетті болады.
Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап шетелдік азаматты тұрғылықты жері бойынша тіркеу үшін алынатын мемлекеттік баж салығы 1000 рубльге дейін (шамамен 6700 теңге) көтеріледі, ал тұрғылықты орны бойынша тіркеу үшін мемлекеттік баж салығы 500 рубль (шамамен 3300 теңге). Елде уақытша болу мерзімін ұзарту үшін 1000 рубль (шамамен 6700 теңге) баж салығы қарастырылған.
Бұл шаралар шетелдіктердің Ресейде болуын бақылауды күшейтуге көмектеседі, сондай-ақ мемлекеттік органдарға патентті тіркеуге және беруге байланысты нақты шығындарды өтеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, билік мемлекеттік баж салығын жаңарту мигранттарды құжаттар мен олардың жарамдылық мерзімдеріне жауапкершілікті арттыруға итермелейді деп күтіп отыр.
Бұған дейін Ресейдің Еңбек министрлігі заң жобасына түзетулер енгізгенін жазған болатынбыз. Оған сәйкес жүргізуші, сатушы және медицина қызметкері лауазымдарына қабылданатын мигранттар орыс тілі мен орыс тарихын білу бойынша тест тапсыру талабынан босатылмайды.