Ресейде мигранттардың жатақханасынан өрт шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Мәскеу қаласындағы Мытная көшесіндегі жатақханада шыққан өрттен 1 адам қаза тауып, 10 адам зардап шекті. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Тергеу мәліметтері бойынша, жарақат алғандардың 9-ы емделуге қалалық ауруханаларға жеткізілді, ал 1 жарақат алған адам емделуден бас тартты.
Тұрғын үй бастапқыда шетелдіктердің заңсыз тұруына арналған екі қабатты кереуеттермен жабдықталғаны анықталды. Пәтерде кем дегенде осындай 17 төсек табылды.
Өрт 100 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнына Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің 34 қызметкері мен 10 техника жіберілді.
Осы жағдайға байланысты Ресей Қылмыстық кодексінің 109-бабы (Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен заңсыз мигранттардың қалай орналасқаны анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама жұмыстары әлі жалғасып жатыр, бірақ алдын ала қорытынды бойынша, өрт қысқа тұйықталу мен желінің шамадан тыс жүктелуінен болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, Ресейде орыс тілін білмейтін мигрант дәрігерлер мен жүргізушілер жұмысқа қабылданбайды.