Ресейде өрт оқиғаларының салдарынан оқу жылының басталуы шегерілуі мүмкін - «Роспотребнадзор»
АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат - Орман өрттерінің салдарынан туындап отырған күрделі экологиялық жағдайға байланысты Ресей мектептерінде оқу жылының басталуы қыркүйектің 1-інен кейінге ысырылуы мүмкін.
РФ Бас санитарлық дәрігері Геннадий Онищенконың хабарлауынша, егер жағдай жақсармайтын болса, «Роспотребнадзор» агенттігі сәйкес ұсыныс жасайтын болады, деп хабарлайды «Эхо Москвы» радиосы. Дегенмен, Г.Онищенко мырза жағдайдың реттелетіндігіне үмітті.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда аптап ыстық пен құрғақшылықтың салдарынан Ресейдің 17 субъектінде табиғи өрт ошақтары тіркеліп отыр. 7 субъектіде, оның ішінде Мәскеу облысы да бар, төтенше режім жарияланған.
48 адам тілсіз жаудың құрбаны болып отыр. Оған қоса, өрт салдарынан 2 мыңдай үй өртеніп, 3,5 мыңнан астам баспанасыз қалып отыр.