Ресейде өрт салдарынан 100-ге жуық ғимарат бүлініп, бір адам қаза тапты
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Ресейдің Свердлов облысындағы Сосьва кентінде өртенген ғимараттар саны 100-ге жуықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Сейсенбі күні күндіз болған өрт салдарынан 92 ғимаратқа зақым келді. Өрт сөндіру және үйінділерді ашу кезінде бір адамның денесі табылды», - деп хабарлады РФ Төтенше жағдайлар министрлігінен.
Кентте орналасқан емдеу-түзеу мекемесінен (ЛИУ-23) 240 сотталушы эвакуацияланды.
Жалынның тез таралуына құрғақ өсімдіктер мен екпіні 20 м/с болған жел себеп болған. Су көздері ауылдан шалғайда орналасқан.
«Құтқарушылар өрт сөндіру орнын сумен қамтамасыз ету үшін Сосьва өзенінен жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын магистральдық желілерді тартты», - деп толықтырды ведомстводан.
Өртті сөндіруге 120 адам мен 33 техника, оның ішінде 2 өрт сөндіру пойызы тартылды, Сонымен қатар Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның тікұшағы жұмылдырылған.