Ресейде отбасымен келетін еңбек мигранттарының салық төлемі өседі

МӘСКЕУ. KAZINFORM — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде асырауындағы отбасы мүшелері ел аумағында тұратын шетелдік жұмысшылардың жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша тіркелген аванстық төлемдері ұлғаяды. Бұл туралы Ресей Ішкі істер министрлігінің басшысы Владимир Колокольцев Федерация Кеңесіндегі Үкімет сағаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Ресейде отбасымен келетін еңбек мигранттары үшін салық төлемдері арттырылады
Фото: Российская газета

Министрдің айтуынша, ведомство еңбек мигранттарының Ресейге жұмыс істемейтін туыстарын алып келу мүмкіндігін қаржылық тұрғыдан шектейтін заң қабылдауға бастамашылық жасаған. 2027 жылдан бастап елге бірге келетін отбасының әрбір мүшесіне қосымша салық салынады.

Колокольцевтің сөзінше, бұл шара әлеуметтік салаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Ол Ресейде тұратын және мемлекеттік қызметтерді пайдаланатын шетел азаматтары салық төлеу арқылы осы шығындарды қаржыландыруға қатысуға тиіс екенін атап өтті.

Бұл ретте туыстардың елге келуі үшін жеке алым енгізу емес, ЖТС бойынша тіркелген аванстық төлемді ұлғайту көзделіп отыр. 2026 жылғы 26 шілдедегі № 242-ФЗ Федералдық заңға сәйкес, Ресейде тұратын асырауындағы әрбір кәмелетке толмаған бала үшін төлем мөлшері 50% артады. Ал шетелдік жұмысшылардың жекелеген санаттары үшін қосымша төлем отбасының басқа мүшелеріне де қатысты қолданылады. Егер асырауындағы адам бірнеше шетел азаматының қамқорлығында болса, қосымша төлем олардың таңдауы бойынша біреуіне ғана есептеледі.

Колокольцев 2025 жылдан бері еңбек мигранттары отбасындағы жұмыс істемейтін және оқымайтын мүшелер саны 20% қысқарғанын да хабарлады.

Ресей ІІМ дерегінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында елге шамамен 7 млн шетел азаматы кірген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10%-ға жуық аз. 1 қазандағы жағдай бойынша Ресейде шамамен 6 млн мигрант болған. Олардың арасында заңды түрде жұмысқа орналасқандардың үлесі 45%-дан 50%-ға дейін өскен.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдің бүкіл аумағында мигранттарды бақылаудың жаңа жүйесі енгізілетінін хабарлағанбыз.