Ресейде ойыншық тапаншамен қарақшылық шабуыл жасаған адам ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полицейлер Мәскеуде шағын несие беретін мекемеге ойыншық тапаншамен келіп, қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ер адамды ұстады, деп хабарлайды ресейлік ТАСС агенттігі.
Жедел несие беретін мекеменің ғимаратына келген белгісіз адам «тапаншамен» қызметкерлерді қорқытып, кассадағы бар ақшаны жымқырып кеткен.
«Жалға алынған пәтерде жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында қарақшылық жасады деген күдікпен 42 жастағы кавказдық ұсталды», - деді баспасөз қызметінде.
«Тінту барысында полицейлер ойыншық тапаншаны тәркіледі, оны күдікті балалар дүкенінен сатып алған», - деді баспасөз қызметінде.
Қылмыстық іс қозғалды. «Күдікті бұған дейін осындай жолмен бес мәрте тонау жасаған», - деп мәлімдеді қалалық полиция өкілі.