Ресейде өзін банкрот деп жариялайтындар көбейді
МӘСКЕУ. KAZINFORM - Ресейде банкроттық рәсімі танымал бола бастады, сот арқылы банкрот болғандардың басым көпшілігі бұған өз еркімен барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі «Коммерсантъ» басылымына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 2025 жылдың алғашқы жарты жылында 259,8 мың ресейлік сот арқылы банкрот деп танылған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 35,7%-ға көп.
Көп жағдайда (97%) азаматтар өздері сотқа банкрот деп тану туралы өтініш береді. Ал несие берушілер азаматтарды төлемге қабілетсіз деп тануды соттан 2,1% жағдайда сұраса, Ресей Федералдық салық қызметі – 0,6% жағдайда ғана өтініш білдіреді.
Сот процесі аясында азаматтардың қарыздарын қайта құрылымдау жоспары да көбейіп жатыр. Бұл жоспар борышты өтеуді кейінге қалдыру мен бөліп төлеуді көздейді. Егер қарызды өтеу кестесі сақталса, борышкер банкрот деп танылмайды.
Алты айдың ішінде арбитраждық соттар 1152 қайта құрылымдау жоспарын бекітті. Бұл 2024 жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда 2,3 есе көп.
Заңды тұлғалардың қызметі туралы мәліметтердің Бірыңғай федералдық тізілімінің (Федресурс) басшысы А.Юхниннің айтуынша, қарызды қайта құрылымдау жоспарын, тіпті несие берушілердің келісімінсіз де сот арқылы бекіту тетігін қолдану Жоғарғы соттың жаңа түсініктемелерінен кейін жиілей түскен.
Осы жылдың екінші тоқсанында азаматтардың берген өтініштері негізінде 15,9 мың соттан тыс банкроттық рәсімі басталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,5%-ға көп. Ресей Федерациясы Экономика министрінің бірінші орынбасары М.Колесниковтің айтуынша, азаматтар үшін тегін соттан тыс банкроттық рәсімі қиын қаржылық жағдайда «нақты көмек» көрсетіп отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда азаматтар үшін соттан тыс банкроттық рәсімі жеңілдетілген болатын.