Ресейде Петербург халықаралық экономикалық форумы басталды
МӘСКЕУ.KAZINFORM — Санкт-Петербургте «Прагматикалық диалог — тұрақты болашаққа апарар жол» атауымен өтіп жатқан Петербург халықаралық экономикалық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Форум 3–6 маусым аралығында өтеді. Іс-шараның дәстүрлі ұйымдастырушысы — «Росконгресс» қоры. ПМЭФ 1997 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді, ал 2006 жылдан бастап Ресей Федерациясы Президентінің қамқорлығымен және қатысуымен ұйымдастырылады.
Форумның тұрақты алаңы — «Экспофорум» конгресс-көрме орталығы. Биылғы форумға 130-дан астам ел мен аумақтың өкілдері қатысып жатыр.
Іскерлік және дипломатиялық күн тәртібінде ерекше назар Сауд Арабиясына аударылған. Бұл ел форумның құрметті қонақ мемлекеті мәртебесіне ие болды. Мұндай шешім Ресей мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 100 жыл толуына орай қабылданды.
Петербург халықаралық экономикалық форумының негізгі оқиғасы дәстүр бойынша 5 маусымға жоспарланған пленарлық отырыс болмақ. Онда Ресей Президенті Владимир Путин ел экономикасының қазіргі жағдайына баға беріп, бизнеске арналған стратегиялық бастамаларын таныстырады деп күтіледі.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, форумға 76 елдің мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлері, сондай-ақ ТМД, ОПЕК, Газ экспорттаушы елдер форумы және БРИКС-тің Жаңа даму банкі секілді халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады.
Шетелдік қатысушылар қатарында БҰҰ Бас хатшысының су ресурстары жөніндегі арнайы өкілі Ретно Марсуди, БАӘ экономика және туризм министрі Абдулла бин Тук Әл-Марри, Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Данияр Амангелдиев, Колумбияның ауыл шаруашылығы министрі Марта Карвахалино, АТЭС хатшылығының атқарушы директоры Эдуардо Педроса, Сербияның халықаралық экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрі Ненад Попович, Оңтүстік Африка Республикасы Кірістер қызметінің комиссары Джонстоун Макубу, Индонезияның инфрақұрылым және өңірлік даму мәселелері жөніндегі үйлестіруші министрі Агус Харимурти Юдойоно, Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті әрі БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) Бас хатшысы Ребека Гринспан, сондай-ақ Еуропалық бизнес қауымдастығының бас директоры Тадзио Шиллинг бар.