Ресейде пойыз жолаушысы адамдарды пышақтап, кейін өз-өзіне қол жұмсады
АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Кисловодск-Новокузнецк пойызының жолаушысы, 49 жастағы Алексей Овчаров көршілес купедегі төрт адамға шабуылдап, оларға пышақ салған соң, өзіне-өзі қол жұмсады.
Оқиға Самара облысының Обдулино стансасының маңында болды, деп хабарлады Утро.ру Волга маңы полициясына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары қызметінен мәлім еткендей, төрт адам Самараның кезекшілік ауруханасына жеткізілді. Жолаушыларға шабуылдаған ер адамды құтқару мүмкін болмады. Адамдарды кескілеп тастаған Овчаров тамбурға жүгіріп шығып, өз мойнына пышақ сұққан. Қылмыскер қанның көп мөлшерін жоғалтудан көз жұмды.
Оқиғаның мән-жайы әзірше белгісіз, оқиға орнында тергеушілер жұмыс істеуде. Пойыз жолсеріктерінің айтуынша, ер адам ішімдік ішпеген, тек телефонмен әңгімелескен, бірақ жолаушылардың ешқайсысымен сөйлеспеген. Бір мезетте ол орнынан атып тұрып, пышақ алып шығып, адамдарға шабуылдаған.