Ресейде Приморье жағалауында акулалар пайда болды

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Ресейдің Приморье өлкесі акваториясында өңір үшін сирек кездесетін құбылыс — акулалардың жағалауға жаппай жақындауы тіркелді. Бұл туралы Baza Telegram-арнасы хабарлады, деп жазады агенттік тілшісі.

Нашествие акул зафиксировано у берегов Приморья в России
Фото: Freepik

Мәліметке сәйкес, балықшылар Путятин аралы маңында мако акуласын аулаған. Сондай-ақ Триозерье шығанағында бірнеше ірі жыртқыш байқалған. Куәгерлердің айтуынша, олар катерлердің соңынан еріп жүрген. Алғашында жергілікті тұрғындар бұл жануарларды дельфиндермен шатастырғанымен, кейін олардың ақ акулалар болуы мүмкін екенін болжаған.

Сарапшылар акулалардың Приморье жағалауында пайда болуын теңіз экожүйесіндегі өзгерістермен байланыстырады. Ресей Үкіметі жанындағы Қаржы университетінің профессоры Надежда Капустина RuNews24 порталына берген түсініктемесінде бұл табиғи әрі заңды құбылыс екенін айтты.

Оның сөзінше, су температурасының көтерілуі және Цусима ағысының күшеюі Қиыр Шығыс теңіздеріне субтропикалық су массаларының келуіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде қоректік тізбек өзгереді: алдымен өңірге иваси сардинасы келеді, кейін тунецтер пайда болады, ал олардың соңынан ірі теңіз жыртқыштары жетеді.

— Мұнда негізгі рөлді су бетінің жылынуынан кейін қалыптасатын қоректік байланыстар тізбегі атқарады, — деді сарапшы.

Ол сондай-ақ акулалардың таралу аймағының кеңеюі екі фактормен байланысты екенін атап өтті: Қиыр Шығыс теңіздерінің тұрақты жылынуы және бұрын қарқынды ауланған жыртқыштардың популяциясының біртіндеп қалпына келуі.

Ғалымдар Приморье суларында мако акулаларының пайда болуы әбден мүмкін екенін растайды. Сонымен қатар акулалардың көптеген түрінің ішінде адамға нақты қауіп төндіретіндері санаулы ғана. Олардың қатарында ақ акула, мако акуласы және балға басты акула бар.

Мамандардың айтуынша, Қиыр Шығыс жағалауында ірі теңіз жыртқыштарының пайда болуы әзірге жекелеген жағдайлармен шектеліп отыр. Алайда климаттық өзгерістер жалғаса берсе, жылу сүйгіш түрлердің солтүстік ендіктерде жиірек кездесу ықтималдығы артады.

Бұған дейін Мысырдағы танымал курорттар жағалауында акулалар саны күрт артқанын жазғанбыз.