Ресейде рэпер Оксимиронға іздеу жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Ішкі істер министрлігі рэпер Оксимиронға («шетел агенттері» тізіліміне енгізілген Мирон Федоров) іздеу салып жатыр. Іздеудегі адамдардың деректер базасында (сондай-ақ «шетел агенттері» тізілімінде) музыкант картасының пайда болғанына «Медиазона» назар аударды, деп хабарлайды ВВС.
Картада рэперге қылмыстық әрекет бойынша іздеу жарияланғаны жазылған, бірақ қай қылмысы үшін екені көрсетілмеген.
Оксимиронға қылмыстық іс қозғалғаны туралы ресми ақпарат болған жоқ.
ТАСС агенттігі құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасап, рэперге «шетелдік агент» талаптарын бұзғаны үшін іс қозғалғанын жазды (Оксимирон есімі 2022 жылдың қазанында «шетел агенттерінің» тізіліміне енгізілген).
Осы бап бойынша қылмыстық іс бір жыл ішінде екі рет әкімшілік бап бойынша жауапкершілікке тартылған соң қозғалуы мүмкін.
Оксимиронның өзі Ресей билігінің оған неліктен іздеу салғанына әзірге түсініктеме берген жоқ.
2023 жылдың қазан және тамыз айларында Санкт-Петербургтің Куйбышев соты Мирон Федоровқа (төлқұжаттағы аты-жөні) 40 және 50 мың рубль көлемінде айыппұл салды.
Тамызда ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі жазбада «шетел агенті екенін» белгілемегені үшін, ал қазанда — Ресей Әділет министрлігіне билік «шетел агенттерінен» талап ететін есепті ұсынбағаны үшін.
2023 жылдың басында Санкт-Петербургтің Октябрь соты да Оксимиронға оның «Ойда» трегінде сепаратизмге шақыру туралы қозғалған әкімшілік іс бойынша 70 мың рубль айыппұл салды.
Бұдан бұрын, 2022 жылдың соңында Санкт-Петербургтің Ленинский соты Оксимиронға армияны «қаралау» бабы бойынша 45 мың рубль айыппұл салған.
Бұған музыканттың ақпан айында Ресей Украинаға жаппай басып кірген кезде жариялаған соғысқа қарсы бейнеролигі негіз болды.
Шабуыл басталғаннан кейін көп ұзамай Оксимирон шетелге кетіп, Украинаны қолдау мақсатында бірқатар қайырымдылық концерт өткізді.