Ресейде рейстік автобустың қатысуымен тағы бір жол апаты болды, құрбан болғандар бар
АСТАНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат - Ресейдің Краснодар өлкесінде екіқабатты рейстік автобус пен тіркемелі жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан 20-ға жуық адам зардап шекті, оның екеуі - балалар,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.
РФТөтенше жағдайлар министрлігі Оңтүстік аймақтық орталығының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, апат «Дон» М4 трассасында бүгін түнде мәскеу уақыты бойынша сағат 01.05-те болған.
Пятигорск-Анапа бағытында кетіп бара жатқан Setra автобусы Отрадно-Кубанское елді мекенінің тұсында Renault жүк көлігімен соқтығысқан. Апат кезінде автобуста 65 жолаушы болған.
Оқиға салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі қаза тапты. Автобустың 15 жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қазір апат орнында құтқару жұмыстары аяқталды. Аман қалған автобус жолаушылары Отрадно-Кубанское селосына жеткізіліп, онда мектепке жайғастырылды. Олар басқа автобуспен баратын жерлеріне жеткізіледі. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.