Ресейде Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің солтүстік астанасында Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы (SPIEF) өз жұмысын бастады.

Петербургский международный экономический форум стартует в России
Фото: Юлия Егорова/ Росконгресс

Аталған шара 5-8 маусым аралығында Expoforum конгресс-көрме орталығында өтеді. Форумға 136 елден 18 мыңнан астам өкіл – мемлекет басшылары, ірі компаниялардың басшылары, қоғам жетекшілері мен жастар қатысады. 2024 жылғы СПЭФ-ның қонағы Оман мемлекеті болды.

Іскерлік бағдарламаға 1,5 мыңға жуық спикер мен сарапшы қатысады. Форумға қатысатын қазақстандық делегацияның құрамында мемлекеттік орган, бизнес өкілдері және дипломаттар болады.

Форум басталатын сәрсенбі күні мемлекет, шағын және орта бизнес өкілдерінің тақырыптық талқылаулары ұйымдастырылып, іскерлік әріптестікті дамыту туралы келісімдерге қол қойылады.

 Петербургский международный экономический форум
Фото: Юлия Егорова/ Росконгресс

Бейсенбі, 6 маусымда форумның негізгі іс-шаралары басталады, олар төрт тақырыптық бағытқа арналған: «Ресей экономикасы: жаңа циклдің мақсаттары мен міндеттері», «Әлемдік экономиканың көпполярлы моделіне өту», «Көшбасшылықты қамтамасыз ететін технологиялар», «Салауатты қоғам, дәстүрлі құндылықтар және әлеуметтік даму – мемлекеттің басымдықтары».

Сондай-ақ форум бағдарламасы оннан астам диалогты қамтиды, оның ішінде: ЕАЭО-АСЕАН, Ресей-Африка, Ресей-Латын Америкасы, Ресей-Қытай және т.б.

Форумның үшінші, негізгі күнінде Ресей президенті және басқа елдердің шақырылған басшыларының, соның ішінде Серб Республикасы, Боливия және Зимбабве президенттерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтеді.

Соңғы күні, 8 маусымда Халықаралық жастар экономикалық форумы өтіп, онда жас менеджерлер, кәсіпкерлер, студенттер мен оқытушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.

СПЭФ 1997 жылдан бері өткізілсе, 2006 жылдан бастап Ресей Федерациясы Президентінің қамқорлығымен және қатысуымен өткізіліп келеді. Бұл форум – бизнес-қоғамдастық өкілдері арасындағы байланыс және Ресей мен әлемдік қауымдастық үшін өзекті экономикалық мәселелерді талқылау үшін жетекші ресейлік алаң.