Ресейде шетелден дәрі әкелу ережелері өзгереді
МӘСКЕУ.Kazinform — Ресейде медициналық мақсатта қолданылатын дәрілік препараттарды елге әкелу тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Тиісті қаулы жобасын РФ Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Құжат қоғамдық талқылауға шығарылған. Ол 2021 жылғы 1 маусымдағы Үкіметтің № 853 қаулысымен бекітілген қолданыстағы ережелердің орнына енгізілуі тиіс. Жаңа нормаларды 2027 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2033 жылғы 1 қыркүйекке дейін қолдану ұсынылып отыр.
Өзгерістердің бірі Ресейде тіркелмеген, медициналық бұйымдар өндіру үшін әкелінетін дәрі-дәрмектерге қатысты. Бұл мақсатта Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысын алу қажет болмайды. Оның орнына өндірушіге препараттың медициналық бұйымдар өндіруге арналғанын растайтын Росздравнадзордың құжатын алу қажет болады. Ведомство құжаттарды 10 жұмыс күні ішінде қарауы тиіс, ал растау бір жыл бойы жарамды болады.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекті елге әкелуге қорытынды беруден бас тарту негіздерінің тізбесін де кеңейтуді ұсынады. Атап айтқанда, өтініш беруші туралы мәліметтер Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде (ЕГРЮЛ) болмаған жағдайда бас тартылуы мүмкін. Сондай-ақ дәрігерлік комиссияның шешімі қайта ұсынылған кезде, егер препараттың көрсетілген бүкіл көлеміне қорытынды бұрын берілген болса, бас тартуға жол беріледі. Өмір бойы қолдануға тағайындалған дәрі-дәрмектер бұл талаптан тыс болады.
Өмірлік көрсетілімдер бойынша нақты пациенттерге Ресейде тіркелмеген препараттарды әкелу кезінде дәрігерлік комиссия құжаттарына қойылатын талаптар да өзгереді. Жобаға сәйкес, хаттамаға дәрігерлік комиссияның төрағасы қол қоюы тиіс. Қазір құжатқа медициналық ұйымның басшысы қол қояды.
Сонымен қатар дәрігерлік комиссия шешімін қайта пайдаланудың тәртібін өзгерту ұсынылады. Өмір бойы қолдануға тағайындалған препараттарға қатысты ерекшелік сақталады. Ал қолданыстағы ережелерде мұндай ерекшелік ұзақ мерзімді емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектерге де қатысты.
Жоба бойынша түпкілікті шешім қоғамдық талқылау рәсімі аяқталғаннан кейін қабылданады.
Бұған дейін Қазақстанның дәрі-дәрмек импортына тәуелділікті қалай азайтып жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Қазақстан дәрі-дәрмек импортына тәуелділікті қалай азайтып жатыр.