Ресейде Сочидегі XXII қысқы Олимпиада ойындарына уақытты кері санау басталды
МӘСКЕУ. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Сочидегі XXII қысқы Олимпиада ойындарының ашылуына тура бір жыл қалды.
Уақытты кері санау сағатын іске қосу рәсімі Хабаровскіден Сочиге дейінгі Ресейдің тоғыз қаласында алма-кезек жалғасты. Уақыт есебін үлкен кристалл күйінде жасалған биіктігі 6 метр, ені 2,2 метрді құрайтын арнайы хронометрлер жүргізуде. Хронометрдің бір жағына Олимпиадаға қалған уақытты көрсететін электронды табло орнатылса, екінші жағынан Паралимпиадаға қанша уақыт қалғаны көрсетіледі. Мәскеуде уақытты кері санауды бастау рәсімі жергілікті уақыт бойынша сағат 11.00-де Манеж алаңында өтті.
Жуырда мәлім болғандай, Ойындардың ашылу рәсіміне билеттер құны 6 мың рубльді құрайды. Олимпиада барысында басқа шараларға билеттердің құны кем дегенде шамамен 500 рубльді құрайтын болады. Жалпы алғанда ұйымдастыру комитеті Олимпиада кезінде 250 млн. долларға жуық қаражат көзін табуды жоспарлауда.