Ресейде тұмаудан 27 адам көз жұмды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейде жыл басынан бері тұмау салдарынан 27 адам көз жұмды. Бұл туралы ТАСС РФ Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Татьяна Яковлеваға сілтеме жасап хабарлады.
"18 қаңтардағы жағдай бойынша тұмау салдарынан қайтыс болғандар саны - 27 адамға жетті. Негізінен бұл тиісті екпе жасамағандар және дәрігерге уақытында бармағандар," - деді ол. Тұмаудан кісі өлімінің көбі Петерборда тіркелді.
Яковлеваның сөзіне қарағанда, доңыз тұмауының вирусы жоғарғы тыныс жолдарын зақымдап, қан құрамын өзгертеді де, қан ұйығын тудырады.
"Бірінші тәуліктен-ақ тұмауға қарсы препараттармен емделе бастаған маңызды," - деп еске салды ол.
Ресейдің Тұтынушыларды қорғауды қадағалау қызметінің басшысы Анна Попова тұмауды өздігінше емдемеу, дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керектігін айтты. Өйткені қазіргі тұмау вирусының белгілі бір ерекшеліктері бар.
"Тұмау белгілері пайда болғанда бірден дәрігерге қаралу керек. Науқас өз бетінше қандай тұмауды жұқтырғанын анықтамақ болып, бұған уақытты кетірмегені жөн. Өздігінше емделу де дұрыс емес", - деп ескертті Попова.
Дәрігердің көмегіне уақытында жүгінгенде ғана ағзаға ауыр тиетін жағдайдың алдын алуға болады, деп атап өтті Попова. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ақпаратынша, биыл Еуропа мен Ресей аумағындағы тұмаудың 80%-ы - А(H1N1), немесе доңыз тұмауы екен.