Ресейде ұлты қазақ полковник гранатаны денесімен жауып, сарбаздарды аман алып қалды - БАҚ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің әскери полигонында қазақ полковнигі гранатаны денесімен жауып, қасында болған сарбаздарды құтқарып қалды. Ең ғажабы, оны өзі жарылыстан аман қалған, деп жазады «Экспресс-К» басылымы.
Свердловск облысының Лесное қаласында Ішкі әскердің 3275 әскери бөліміндегі оқу-жаттығулар кезінде кіші сержант Теленин қолындағы РГД-5 гранатасын түсіріп алған. Сол жерде болған бөлім командирі, полковник Серік Сұлтанғабиев ойланбастан гранатаны денесімен басып қалады. Соның арқасында жарылыстан сарбаздардың ешқайсысы зардап шекпеген, бірақ олардың құтқарушысы, командир ауыр жараланады. Полковник Сұлтанғабиев жедел жан сақтау бөліміне жеткізіліп, оған Екатеринбургтен арнайы тікұшақпен келген Ресей ІІМ Ішкі әскері, 5-ші әскери госпиталі дәрігерлерінің реанимациялық бригадасы ота жасап, полковникті аман алып қалады. Басылымның жазуынша, мамандар Сұлтанғабиевтың өміріне қауіп жоқ екенін айтты.