Ресейде ұрланған көліктерді Тәжікстанға алып өтпек болған шетелдіктер ұсталды

ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, Сарыағаш шекара жасағының шекарашылары «Жібек жолы-авто» бөлімшесінен ұрланған көліктер өтетіні жөнінде алдын ала хабардар болған.
«Үш Тәжікстан азаматы Өбекстанға қарай «Хюндай Солярис» және «Киа Рио» автокөліктерімен өтпек болған. Сөйтіп Ресей Федерациясы аумағында ұрланған автокөліктерді өз елдеріне транзитпен, Қазақстан арқылы жеткізуге әрекеттенген» делінген хабарламада.
Шекарашылар сондай-ақ, «Қорғас» шекаралық бақылау жасағының аумағында 22 жастағы қазақстандықтан декларацияланбаған, жалпы салмағы 30 кг-дан асатын жүк тауарын анықтаған.
«Декларацияланбаған тауардың арасында ұялы телефонның керек-жарақтары, «смарт-сағаттар», сымсыз құлаққаптар т.б. заттар болған. Барлық тауарлар актімен «Алтынкөл» кеден бекетіне тапсырылды. Қорғастық шекарашылар кеше тағы да 22 кг иесіз қытай дәрі-дәрмегін тауып, кеденшілерге өткізді» делінген ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз хабарламасында.