Ресейде жалдамалы пәтерден төрт өзбекстандықтың мәйіті табылды
КАЛИНИНГРАД. KAZINFORM — Ресейдің Калининград қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінен төрт өзбекстандықтың мәйіті табылды. Тергеушілер олардың өлімінен қылмыс белгілерін таппаған.

Гагарин көшесі, 22-үйдегі пәтер шамамен бір ай бұрын жалға беріліп, ол жерге төрт ер адам көшіп келген. Олар Калининградқа Өзбекстаннан жұмысқа келген.
Көршілері марқұмдар туралы оң пікірлерін айтып, олардың көп жұмыс істейтінін, үйге сирек келетінін атап өтті.
— Олар жақсы адамдар еді. Күнде таңертең сегіз жарымда кетіп, кешкі тоғыздар шамасында қайтатын. Мен есіктің жабылған дыбысын ғана еститін едім, олар өте тәртіпті болды, — деп еске алады Людмила есімді әйел.
Бастапқы болжам бойынша, олардың өліміне көмірқышқыл газынан улану себеп болған. Облыстық тергеу комитетінің нұсқасы бойынша, жалдамалы пәтерде газ жабдықтарына дұрыс қызмет көрсетілмеген.
Қылмыстық істі тергеу облыс прокуратурасының бақылауында. Олардың өліміне пәтер иесі кінәлі болуы мүмкін. «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша ең жоғары жаза 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, — дейді Ресейдің Калининград облысы бойынша Тергеу комитеті басшысының аға көмекшісі Наталья Гацко.
Еске сала кетейік, Ресейде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16 бала Өзбекстанға қайтарылғаны жайлы жазған едік.