Ресейде жеңіл көліктердің сатылымы күрт төмендеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейде жеңіл автомобильдер мен жеңіл коммерциялық көліктің сатылымы 2014 жылдың 8 айында 12,1 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Еуропалық бизнес қауымдастығы.

Ресейде жеңіл көліктердің сатылымы күрт төмендеді

ВВС-дің жазуынша, ағымдағы жылғы сегіз айда Ресейде 1,582 млн. жаңа машина сатылды. Бұл 2013 жылдың осы кезеңінде сатылған көлік санымен салыстырғанда 217 092 данаға аз.

Тамыздағы көлік сатылымы 25,8 пайызға құлаған немесе өткен жылдың тамызына қарағанда 59 900 машинаға кем саудаланған екен.

Биылғы шілдеде РФ Премьер-министрі Дмитрий Медведев мемлекеттік органдарға шетелде өндірілген көліктерді алуға тыйым салған болатын.

Қазіргі кезде ресейлік автонарықта «АвтоВАЗ» көш бастап тұр, алайда тамызда Lada автомобильдерінің сатылымы жылдық есептеуде бірден 32 пайызға құлдырады.

Мұнымен қоса Chevrolet (-50%), Ford (-57%), Daewoo (-55%), Suzuki (-58%), Peugeot (-56%), Citroen (-52%) көліктерінің сатылымы екі есеге кеміді.