Ресейде жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кетті

МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат – Ан-28 жолаушылар ұшағы Томск облысында радардан жоғалды. Бұл туралы ТАСС агенттігіне авиациялық қызметтегі ақпарат беруші мәлімдеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Ресейде жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кетті

Әртүрлі деректер бойынша, ұшақта 13-17 адам бар. Олардың төртеуі – бала. «Ұшақ Бакчар ауданында радардан жоғалды. Оның төтенше маягі іске қосылған. Бортта 17 адам бар, олардың төртеуі – бала. Үшеуі – экипаж мүшелері», - деді авиациялық қызметтегі ақпарат беруші ТАСС агенттігіне.

Ол Ан-28 ұшағының шамамен қайда екенінің координатасы анықталғанын нақтылады. «Ан-28-дің төтенше маягінің іске қосылғаны тіркелді. Алдын ала деректер бойынша, координаталар Бачкар ауылының маңын көрсетіп тұр», - деді агенттікке сұхбат беруші.

Оның айтуынша, экипаж борттағы ақаулар туралы хабар бермеген.

«Ұшу штатты түрде өтті. Экипаж борттағы ешқандай ақау немесе проблема туралы хабар бермеді», - деді агенттікке сұхбат беруші.

Одан бөлек, ұшақта ұшу алдында ешқандай техникалық ақау болмаған.

«Ұшу алдындағы барлық процедуралар жасалған. Ұшақта техникалық ақау анықталмаған», - деп қосты ол.

Ан-28 ұшағы құлаған болуы мүмкін.