Ресейде «жұмыссыз күндер» режимі 11 мамырға дейін ұзартылды
МӘСКЕУ. ТАСС – ҚазАқпарат – Ресей Президенті коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте 6,7 және 8 мамыр күндерін жұмыссыз күндер деп жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Осылайша жұмыссыз күндер режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Президент осы уақыт ішінде профилактикалық шараларды қатаң сақтау керектігін айтты.
Путин министрлер кабинетіне 12 мамырдан бастап шектеулер режимінен шығу нұсқаларын дайындауды тапсырды. Ол мұны «қазіргі эпидемиологиялық жағдайға және оның тұрақты болжамына байланысты» жасау керектігін баса айтты. Президент шектеулер бір сәтте елдің барлық өңірінен алынып тасталмайтынын да ескертті.
Сондай-ақ, Путин үкіметке жақын арада бизнес пен азаматтарды қолдау бойынша жаңа шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Президент министрлер мен губернаторлар осындай шаралардың орындалуы үшін жекелей жауап беретінін атап өтті.
Путин үкіметтен өңірлермен бірлесіп «жұмыспен қамтуды, азаматтардың кірістері мен экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша кең ауқымды жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын» дайындауды сұрады.
Сондай-ақ, ол Денсаулық сақтау министрлігіне жағдайды әрдайым қадағалап отыруды және Ресей Федерациясының әр адамның жағдайы күн сайын өзгеретінін ескере отырып, жоспарларын үнемі жаңартып отыруды тапсырды.
28 сәуірді мемлекет басшысы Жедел жәрдем қызметкері күні деп белгілеуді ұсынды.
«Ауруды анықтаудағы жаңа жағдайлардың күнделікті саны салыстырмалы түрде тұрақтанды. Бірақ босаңсымау керек, жағдай өте қиын. Сарапшылар мен ғалымдар аурудың шарықтау шегі әлі өтпегенін айтты», - деді В.Путин өз сөзінде.