Ресейдегі БАҚ-ты кім иеленіп отыр: Алдыңғы қатарлы холдингтер
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік миллиардер Михаил Прохоровтың қазіргі кезде финдік Sanoma медиахолдингінің иелегіндегі «Ведомости» газетін сатып алу туралы ниеті, елдің медиалық кеңістігі кімдердің арасында бөлінгендігі мәселесіне қайта назар аудартуда, деп жазады Би-Би-Си.
Ірі медиахолдингтердің иелері тізімінде бірінші орында мемлекет тұр. Яғни, мемлекет Бүкілресейлік мемлекеттік телевизиялық және радиотаратылым компаниясын қадағалап отыр. Оның құрамына бес ұлттық телеарна, сексеннен астам өңірлік және бес ұлттық радиостанса кіріп отыр. Сонымен қатар Мемлекеттік мүлікті басқару бойынша федералдық агенттігі Ресейдегі ең танымал үш телеарнаның бірі - «Бірінші арнаны» иемденуде. Оның 51 пайыз акциясы мемлекетте болса, қалған 49 пайызын Роман Абрамовичтің және «Ұлттық медиа топтың» құрылымдары бөліп алды. Мұнымен қоса, мемлекеттің меншігінде «Российская газета» және «Парламентская газета» секілді екі ұлттық басылым, сондай-ақ 2013 жылдың соңында «РИА Новости» агенттігін, «Голос России» радиотарату компаниясын және Russia Today телекомпаниясын, ИТАР-ТАСС агенттігі мен smi.ru. жаңалықтар сайтын біріктірген «Россия сегодня» медиахолдингі бар. Мемлекеттік қаржы көздерінен халықаралық «Мир» телеарнасы, сондай-ақ жақында құрылған «Общественное телевидение России» қаржыландырылады. 2013 жылғы қыркүйектегі деректер бойынша, мемлекет түрлі медиалық жобаларға (негізінен телеарна мен радио) 2,1 млрд. доллар жұмсады. Алдағы жылдары бұл шығыстарды төрттен бір бөлікке бірте-бірте азайту көзделіп отыр.
«Газпром-медиа» холдингі Бұл холдингті де мемлекеттің меншігі деп те айтуға болады. Себебі, оның 100 пайыз акциясы ресейлік «Газпром» ұлттық компаниясының қарамағында. «Газпром-медиа» екі ұлттық телеарнаны (НТВ және ТНТ ), сонымен бірге НТВ-ПЛЮС спутниктік арнасын иемденуде. Осы холдигтің еншісінде бес радиостанса («Эхо Москвы», «Cити-ФМ»), бірқатар газеттер мен журналдарды басқарып отырған «Семь дней» баспа үйі бар.
«Ұлттық медиа топ» «Ұлттық медиа топтың» (NMG) негізі 2008 жылы қаланып, ол «Ресей» банкінің бақылауына енді. Атап айтқанда, Юрий Ковальчук оның акцияларының негізгі ұстаушысы ретінде танымал. Сонымен қатар NMG акцияларының иелері ретінде «Cургутнефтегаз» энергетикалық компаниясы мен «Северсталь» индустриялық алпауыты тіркеліп отыр. Оның шамалы акция пакетін Люксембургте тіркелген «RTL group» компаниясы иеленген. Осы холдиг активтері арасында «Бірінші арнаның» 25 пайыз акциясы, сондай-ақ «Бесінші арна» мен «РЕН ТВ» телеарнасының бақылаушы акция пакеттері қамтылған. Тізімді «Русская служба новостей» (РСН) радио стансасы мен «Известия» ұлттық газеті жалғастырып отыр. NMG-нің негізгі акционерлерінің қарамағында мұнымен қоса Ресейде, ТМД-да және Шығыс Еуропадағы ірі медиа жарнама нарығындағы Интернешнл операторы да бар.
Усмановтың медиа империясы Ресейдегі ең дәулетті бизнесмен Алишер Усмановтың иелегінде «Mail.ru Group» интернет-холдингі бар. Оның негізгі акционері ретінде оңтүстікафрикалық Naspers (31,7%) және Алишер Усманов қадағалап отырған New Media Technologies (17,9%) компаниясы болып табылады. Атап айтқанда, NMT тарапы «Mail.ru Group» компаниясының дауыс беретін акцияларының жартысынан астамын иеленгендіктен, Усмановты осы медиахолдингтің иесі десе де болады. Бұған қоса миллиардердің қарамағында «Коммерсант» баспа үйі мен газеті, «Деньги», «Власть», «Огонёк», «Weekend», «Секрет фирмы» және басқа да журналдар қамтылған. Сонымен қатар Усманов МузТВ арнасы мен «Ю» жастар арнасы және бірқатар өңірлік БАҚ кіретін «ЮТВ» медиахолдингінің үлесін басқаруда. «ЮТВ» еншісінде «Disney» телеарнасының орысша нұсқасының бақылаушы акциялар пакеті бар. «АФ Телеком» арқылы Усманов «Мегафон» ұялы операторының 31 пайыз акциясына, DST инвестициялық қоры арқылы Facebook, Groupon және Zynga үлестеріне иелік етеді. Потанин және Мамут «ПрофМедиа» холдингі Владимир Потаниннің «Интеррос» инвестициялық алпауытына қарасты. Телеарна әлеміндегі холдингтің автивтері арасында - ТВ3, «Пятница» және «2х2», ал радио сегментінде - «Авторадио», Energy, «Юмор FM» мен «Радио Романтика» бар. 2013 жылдың наурызында «ПрофМедиа» қарамағында болған lenta.ru танымал жаңалықтар ресурсы тағы бір ресейлік мультимиллионер Александар Мамуттың басқаруына өтті. Осы арқылы «Лента.ру» ресурсы «Афиша-Рамблер-SUP» атты жаңа біріккен медиаимперияның бөлігі болды. «Лента», «Рамблер» және «Афишидан» бөлек, оның құрамына gazeta.ru, livejournal.com. секілді интернет БАҚ енген.
Прохоров және басқалар Михаил Прохоровтың «Онэксим» тобы РБК медиатобының, сондай-ақ «Сноб» журналы мен порталының бақылаушы пакетін иемденіп отыр. Соңғы жылдары оның құрамындағы медиа активтердің тізімі бірте-бірте азайғандығы хабарланған еді. Алайда, М.Прохоровтың қолына «Ведомости» газеті өтетін болса, бұл жағдай енді өзгеруі мүмкін.
Соңғы кездері мәскеулік әкімшіліктің бірнеше ресурстарын біріктіретін «Москва-медиа» холдингі өзін таныта бастады. Оның құрамында бүгінде «Москва 24» және «Москва Доверие» телеарналары, «Москва ФМ», «Говорит Москва» радиостансалары, «Вечерняя Москва» газеті мен «м24.ru» жаңалықтар порталы қамтылған.