Ресейдегі елшілікте қазақстандық ардагерлермен кездесу өтті
МӘСКЕУ. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің резиденциясында Жеңістің 68 жылдығы қарсаңында дипломатиялық өкілдіктің басшысы Ғалым Оразбақов жылдағы игі дәстүр бойынша қазақстандық ардагерлермен кездесті.
Меймандар қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бұрынғы ҚазКСР министрліктері мен ведомстволарының басшылары, Қазақстанның танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері бар.
Салтанатты шара Жеңіс жолында өмірлерін қиған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Ғ.Оразбақов өз сөзінде елшіліктің қазақстандық жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Дипломатиялық миссияның басшысы жиынға қатысушыларды еліміздің мерекелік мейрамдары - Отан қорғаушы күні және алдағы Жеңіс күнімен құттықтады.
«Бүгін біз ұзақ жылдар бойы Қазақстанда өмір сүріп, еңбек еткен, бар күш-жігерлері мен білімдерін бұрынғы Қазақ КСР дамуына, ал бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының гүлденуіне сарп еткен ардагерлермен кездесіп отырмыз. Сіздерді Қазақстанда таниды, ризашылықпен еске алып отырады», - деді ол меймандарға қарата.
Ардагерлер өз сөздерінде аталмыш шараларды ұйымдастырудың маңыздылығына, әсіресе кейінгі толқынды тәрбиелеудегі мәніне ерекше тоқталды.
Салтанатты шара барысында қазақстандық студенттерден құралған шығармашылық ұжымдар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндерді шырқады.