Ресейдегі халықаралық байқауда қазақстандық жас музыкант бас жүлдені жеңіп алды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ресейдің Новокузнецк қаласында өткен жас музыканттар арасындағы халықаралық байқауда А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған қазақ орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы бас жүлдені жеңіп алды,

Ресейдегі халықаралық байқауда қазақстандық жас музыкант бас жүлдені жеңіп алды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл тұңғыш рет өтіп отырған бұл сайыс ТМД елдеріндегі музыка мектептерінің талантты импровизаторлары мен композиторлары арасында өтті. 14-пен 18 жас аралығындағы жас музыканттары арасындағы бұл байқаудың басты ерекшелігі - онда үміткерлер дайын музыканы емес, өз өнерлерін ортаға салды. Оған Ахмет Жұбанов атындағы өнер ордасынан үш оқушы қатысты. Тартысты өткен өнер сайысында 60-қа жуық талапкердің арасынан 12-шы сынып оқушысы Нұрасыл Нуридин «Композиция» және «Импровизация» аталымдары бойынша екі бірдей бас бәйгені олжалады. Ал 11-ші сынып оқушысы Қайрат Тұрсынбеков «Импровизация» атылымында 3-ші орын алса, 10-шы сынып оқушысы Дархан Төлеев дипломант атанып қайтты.