Ресейдегі қандастар үшін Қазақстанға әуе сапарлары артады

Бүгін Астанада ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев пен ресейлік «Ангара» әуе компаниясының өкілі Андрей Паутов кездесті. Кездесуде екі ел арасында жаңа рейстер ашу мәселелері талқыланды.
«2018 жылдың сәуір айынан бастап ресейлік компания алғаш рет АН-148 типіндегі әуе кемесімен Красноярск-Алматы бағытында елімізге әуе рейстерін бастауды, ал болашақта Иркутск-Астана, Иркутск-Алматы, Красноярск-Астана бағыттарын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта «Ангара» әуе компаниясы Қазақстанға ұшуға арналған шетелдік тасымалдаушыны аккредитациялау рәсімінен өтуде», - деп атап өтілген ҚР ИДМ таратқан хабарламада.
Азаматтық авиация комитеті Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларын байланыстыратын бағдарламаны белсенді жүзеге асырып, жергілікті әуежайлардың транзиттік әлеуетін дамытатынын атап өту қажет.
«Ангара» әуе компаниясының өкілі Андрей Паутовтың пікірінше, бұл бағыт Иркутск облысы, Сібір және Қиыр Шығыс федеральдық округінде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері мен Байкалға барғысы келетін туристер тарапынан сұранысқа ие болады.
Айта кетейік, «Ангара» әуе компаниясы Шығыс Сібірдің негізгі әуе тасымалдаушыларының бірі. Ол Иркутск облысы, Сібір және Қиыр Шығыс федералдық округ бойынша тұрақты рейстерді және Ресей бойынша чартерлік рейстерді жүзеге асырады.