Ресейдегі Қазақстан Елшілігінде алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысты брифинг өтті

Бұл туралыҚазақстанның Ресейдегі Елшілігі хабарлады.
Брифинг барысында ҚР Елшілігінің кеңесші-уәкілі Марат Сыздықов БАҚ өкілдерін Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының маңызды ережелерімен, сайлау науқанының және байқау жүргізуінің ұйымдастырушылық аспектілерімен егжей-тегжейлі таныстырып өтті.
Қазақстандағы парламенттік сайлау барысын байқауға бірқатар халықаралық ұйымдардан 700-ге жуық адам қатысуы мүмкін екендігі, шет елдердің және халықаралық ұйымдар байқаушыларын тіркеу рәсімі ағымдағы жылғы 14 наурызға дейін жалғасатыны туралы айтылды.
Белгілі ресейлік БАҚ-тар сайлау барысынан белсенді түрде ақпарат таратуға шақырылды және журналистердің тіркелу тәртібімен танысты.
М.Сыздықов 19 ақпанда сайлауға қатысып отырған 6 саяси партияның, атап айтқанда: «Нұр Отан» партиясының, Қазақстан коммунистік халық партиясының, «Ақ жол» Демократиялық партиясының, «Бірлік» партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының, және «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімдерін тіркеуден өткізілуі аяқталғанын ескерді. Жалпы тізімге 234 кандидат кірді, - деді дипломат.
18 наурызға дейін жалғасатын сайлау науқанының үгіт кезеңінің басталғаны, 19 наурыз «тыныштық» күні болып белгіленгені туралы жеткізілді.
Парламент Мәжілісіне жалпы алғанда 107 депутат, олардың ішінде, 98 - партиялық тізімдер негізінде тоғызы - Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланады.
Сондай-ақ Қазақстан дипломаты Ресей Федерациясы аумағында ҚР азаматтарының дауыс беру тәртібі мен рәсімдерін түсіндіріп берді.
Ресей аумағында әр Қазақстан азаматы 20 наурызда сағат 07:00-20:00 аралығында Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан, Астрахан және Омбы қалаларында сайлау учаскелеріне келіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысып отырған алты саяси партияларының біреуіне өз дауысын бере алады.