Ресейдегі қырғыз диаспорасы елдің жаңа үкіметімен қарым-қатынас орнатуға талпынуда

МӘСКЕУ. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Ресейдегі қырғыз диаспорасы Қырғызстанның уақытша үкіметіне жан-жақты көмек көрсетуге әзірлік білдіреді.

Ресейдегі   қырғыз диаспорасы    елдің  жаңа үкіметімен   қарым-қатынас орнатуға  талпынуда

Қырғыз Республикасы уақытша үкіметінің төрағасы Роза Отымбаеваға жолданған ашық хатта «KGinfo.ru» сараптамалық порталының бас редакторы Асылбек Егембердиев осындай мәлімдеме жасады.

«Көп азап шеккен қырғыз халқы бүгін Отанынан жырақта жүрген отандастарының қолдауы мен көмегіне мұқтаж. Сәуірдің 6-7-сінде болған оқиғалар мен үкімет таратылғаннан кейін көптеген басшылар отставкаға кетті, олардың орнына жаңа саясаткерлер келді. Қырғызстанда болған жағдай үшін бұл заңды құбылыс»,- делінген үндеуде.

Қырғызстан азаматтары Ресей Федерациясында тұрады және жұмыс істейді. Олар түрлі саладағы жоғары санатты мамандар және оларды туған елінің тағдыры толғантпай қоймайды. Халқымыздың лайықты өкілдері қырғыз диаспорасының өзегі болып табылады, олар мәдени және ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған жұмыстар жүргізіп отыр, - деп жалғастырады автор өз сөзін.

Ресей Федерациясындағы қырғыз диаспорасын өз Отанының проблемалары әрқашан ойлантып келеді. «Қырғызстан дамыған және гүлденген елге айналу үшін, біз жан-жақты көме көрсетуге әзірміз. Өкінішке орай өз отандастарына салқын болған бұрынғы ел басшылығы бізге де жағдай жасай қойған жоқ болатын», деп жазады А.Егембердиев.

«Отандастарыңыз тарихи Отанының өміріне белсенді атсалысқысы келеді. Мен және менің пікірлестерім Отанымыздың игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеу жобасын жүзеге асыру үшін барлық қажетті мәліметтер беруге әзірміз», - делінген хатта.