12:41, 16 Мамыр 2023 | GMT +5
Ресейдегі өрт: Қазақстан арнаулы күш-құралдар тобын жасақтады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ресейдегі өртке байланысты еліміздің шекаралас аумақтағы өрт сөндіру гарнизондары дайындыққа келтірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов бірінші вице-министрден: «Қазіргі уақытта солтүстік көршімізде орман алқаптары өртеніп, жағдай ушығып тұр. Осыған төтенше жағдай қызметтері қаншалықты дайын?» деп сұраған еді.
Сауалға жауап берген Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, шекара маңындағы бөлімшелердің табиғи өртке жедел ден қою мақсатындағы өзара іс-қимыл жоспары жаңартылған.
«Қазіргі уақытта шекара маңындағы гарнизондардың күш-құралдары дайын тұр. РФ аумағында өрт ахуалы қиындаған жағдайда Қазақстан тарапынан 247 жеке құрам мен 46 өрт сөндіру автотехникасынан және 2 әуе бортынан жасақталған күш-құралдар тобы жасақталды. Шекарадағы төтенше жағдай министрдің қатаң бақылауында», - деді ол.