Ресейден 8 вагон бидай әкеле жатқандар ұсталып, астық кері қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM - Ресейден Қазақстанға 8 вагон бидай әкеле жатқандар ұсталды. Ішкң нарықты қорғау үшін елімізге сырттан астық кіргізуге шектеу қойылған.

Биылғы 11-12 қыркүйекте Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан Батыс Қазақстан облысының Темір жол фитосанитариялық бақылау бекетінен 8 вагон бидай табылып, Ресей Федерациясына қайтарылды.
526 тонна астықты Саратов және Тула облыстарынан Шымкент қаласына әкеле жатқан.
Бұл жұмысты өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар "Жайық" шекаралық бақылау бөлімшесінің әскери қызметшілерімен бірлесіп жүргізеді.
Естеріңізге сала кетейік, ішкі нарықты қорғау және астықты кері экспорттау фактілерін болдырмас үшін 2024 жылғы 26 шілдеде сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында транзитті қоспағанда, үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен Қазақстан аумағына көліктің барлық түрлерімен бидай әкелуге тыйым салынған болатын.