Ресейден әкелінген автокөлік: Атырауда Сall center-ге 200-ден астам сауал түскен
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Ресейден әкелінген автокөліктер үшін ашылған арнайы Сall center-ге 200-ден астам сауал түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қарашада Call center ашылып, байланыс нөмірлері іске қосылған.
«Атыраула ашылған арнайы байланыс нөмірлеріне көліктері Ресей Федерациясында тіркеуде тұрған атыраулық тұрғындар тарапынан 201 сұрақ түсті. Сауалдың 92-сі автокөліктің Ресей Федерациясында тіркеуде бар-жоғын анықтауға қатысты болды. Ал, 10 сауал еш жерде тіркеуде болмаған жағдайда қолданылатын жауапкершілік шаралары мен айыппұлдары туралы ақпараттарды білу үшін жолданған. Сондай-ақ, тұрғындардан Ресей елінен әкелінген автокөлігін Қазақстанда тіркеу үшін қажетті құжаттар мен іс-шаралар жөнінде 37 сұрақ берілді. Арнайы автотұраққа қойылған автокөлікті шығару, қандай көліктерді тіркеуге болады және қанша мерзімге созылады деген сұрақтар да қабылданып, тиісті жауаптары жолдануда» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысына Ресейден 100-ден астам көлік жалған құжатпен әкелінгенін жазған болатынбыз.