Ресейден әкелінген 252 мың дана тауық жұмыртқасы кері қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейден Қазақстанға ветеринариялық құжаттарсыз 252 мың дана тауық жұмыртқасын әкелуге жол берілмеді.

а
Фото: freepik

«Жайсаң» ветеринариялық бақылау бекетінде ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері Ресейден Байқоңыр қаласына бағыт алған көлікті тексеру кезінде жүкке қажетті ветеринариялық құжаттардың жоқ екенін анықтады.

Осыған байланысты тиісті акт пен әкімшілік хаттама толтырылып, жұмыртқа Ресейге кері қайтарылды.

Тасымалдаушыға ветеринариялық заңнама талаптары және бақылаудағы өнімдерді мемлекеттік шекара арқылы өткізу қағидалары түсіндірілді.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бақылаудағы өнімдердің мемлекеттік шекара арқылы өткізілуін қатаң бақылауды жалғастыратынын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін БҚО-да 20 тонна жұмыртқаны заңсыз тасымалдауға тосқауыл қойылғанын хабарлағанбыз.