Ресейден дизель отынын Қазақстанға тасымалдауға енгізілген шектеу 20 маусымға дейін жалғасады

«Аи-80 бензині мен дизель отынына баға бұрынғы деңгейде сақталды. Сонымен бірге Ресейден дизель отынын тасымалдауға енгізілген конвенциялық шектеу 20 маусымға дейін жалғасады. Сондықтан да дизель отынына бағаның өзгеруі қисынсыз болар еді»,-деді Құлмұрзин.
Оның сөзіне қарағанда, Ресейден Қазақстанға безин емін-еркін тасымалданып жатыр. «Ешқандай да шектеу жоқ. Реттеу шаралары Аи-92/93 маркасына ғана қатысты. Мұнай өнімдерінің өзге түрлері, оның ішінде жоғары октанды бензинге реттеу жүргізілмейді»,-деп нақтылап өтті ол.
Департамент басшысының айтуынша, Қазақстанның мұнай базаларында қазіргі кезде Аи-92 бензинінің 238 мың тонна көлеміндегі қоры бар. Осы орайда Қазақстан аумағында бензин тапшылығының қаупі туындамайды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгіннен бастап Қазақстанда Аи-92/93 бензинінің литріне 108 теңге көлемінде шекті бөлшек сауда бағасы белгіленді.
Естеріңізге сала кетейік, 20 сәуірде Қазақстан Ресей Федерациясынан дизель отынын темір жолмен тасымалдауға бір айға шектеу енгізген болатын.