Ресейден Қазақстанға қыдырып келген 45 турист жолда қар құрсауында қалған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола полицейлері Ресейден келген 45 туристі қарлы трассадан жылыту пунктіне жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат полицияға сілтеме жасап.
None
Видеодан алынған кадр/t.me/POLICE_of_KZ

24 ақпан күні патруль полиция батальоны №4 взводының командирі Ерлан Дарбаев пен инспектор Санжар Қожағұловқа «Жақсы - Есіл - Бұзұлык» автожолында Ресей Федерациясының 45 азаматы бар автобус тұрғаны туралы хабар түскен.

Мән-жайды анықтау барысында Ресейдің Челябинск қаласындағы туристік фирмаға тиесілі автобус Астана қаласына 45 туристі алып келе жатқаны белгілі болды.

Бір топ адам түнде Қостанай қаласынан шыққан. Алайда ауа райының қолайсыздығына және қозғалыстың шектелуіне байланысты көлік құралы қарлы жолда тұрып қалған.

Полиция экипажы туристер тамағын ішу үшін жақын маңдағы дәмханаға, содан кейін Есіл қаласындағы жылыту пунктіне дейін автобусты ертіп жүрді.

Шетелдіктер полицейлерге алғыс айтты.


Соңғы жаңалықтар