13:32, 09 Шілде 2009 | GMT +5
Ресейден Қазақстанның шекаралас өңірлеріне зиянкес шегірткелердің таралуы жағдайын бақылауда ұстап отырмыз - А. Евниев
АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден Қазақстанның шекаралас өңірлеріне зиянкес шегірткелердің таралуы жағдайын бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы бүгін Астанада журналистерге Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз жағдайды нақты бақылауда ұстап отырмыз. Қандай да бір алдын-ала ескерілмеген штаттан тыс жағдайлар күтіп отырған жоқпыз», деді сұхбатында А. Евниев.
Ол шекараның ұзына бойында Ресей тарапымен өзара іс-қимыл мәселелері пысықталғанын атап өтті. «Зиянкес шегірткелермен күресу үшін қажетті химиялық препараттар мен техникалар бар. Қажет болған жағдайда, барлық шаралар қолданылатын болады», деді А. Евниев.
Айта кетейік, қазіргі кезде Ресейдің Астрахан облысы аумағын шегірткенің таралуы алаңдатып отыр. Зиянкестердің таралуы аталмыш өңірде ағымдағы жылдың мамыр айының соңында байқала бастады.