Ресейден келетін сиыр еттерінен шошқаның ДНҚ-сы табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі Кеден одағы техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін «Орелпродукт» ЖАҚ өндірісі (Ресей Федерациясы), «Паштет нежный из говяжьей печени «Мясной двор» ет консервісін Қазақстан Республикасының тұтынушылық нарқына өткізуге тыйым салды.
Ет өнімдерінің жалғандығын анықтау мақсатында жануарлардың тіндерін түрлік сәйкестендіру әдісімен жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптама кезінде жоғарыда аталған өнімде шошқаның ДНҚ анықталды.
Сондай-ақ аталған агенттік санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша құрамынан адамның денсаулығы үшін қауіпті ветеринариялық препарат- тренболон ацетат анықталған, сауда атауы «Рибай Черного Ангуса» (Австралия өндірісі) салқындатылған сиыр етін өткізуге тыйым салу бойынша уақытша санитариялық шара енгізді. Бұл препарат ветеринарияда ірі қара малдың бұлшық етін көбейту үшін қолданылатын және адам денсаулығына көптеген жанама әсерлері бар (қан қысымының жоғарылуы, ұйқысыздық, агрессиялық, шаш түсу және басқа да көптеген) өсу стимуляторы - анаболикалық стероид болып табылады. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жануардан жасалатын азық-түлік шикізатын дайындау кезінде ветеринариялық препараттарды (жемдік қоспалар, жануарларды өсіру стимуляторын, ветеринариялық дәрілік заттарды) пайдалануға рұқсат етілмеді.