10:51, 09 Қараша 2017 | GMT +5
Ресейден Оралға құрт түскен картоп әкелінген
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 8 қараша күні ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары Ресейдің Нижегород облысынан Оралға автокөлікпен әкелінген салмағы 20 тонна картопты тексеріп қарады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
ҚР АШМ баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, тексеру нәтижесінде картоптың алтын түстес жұмыр құртпен зақымданғаны анықталды. Бұл дерек 2017 жылғы 6 қарашадағы №220 карантиндік фитосанитариялық сараптама қорытындысымен расталды.
Қазақстан Республикасы және Еуразиялық экономикалық одағының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасына сәйкес зақымдалған картоп РФ аумағына кері қайтарылды.
Айта кетейік, картоптың алтын түстес жұмыр құрты өсімдіктерді жарамсыз күйге түсіріп, өнім шығынының 20-80 пайызға дейін жетуіне әкеледі. Оған қоса топырақта 10 жылға дейін сақталып, жарамды картоп алқабының қысқаруына соқтыруы ықтимал.