Ресейдің «1-арнасы» КВН-ның Астанадағы ойындарын көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өткен КВН-2017 Жазғы кубок ойындары қыркүйек айында Ресейдің Бірінші арнасынан көрсетіледі. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында «Каzахи» командасының мүшелері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тілшілер команда өкілдерінен «ойын кезіндегі ұтымды әзілдер кейіннен эфирден кесілмей ме?» деген сауал қойды.
«Ресейлік телеарнада бұл мәселелер заңнамалық тұрғыда бекітілген, яғни таныс емес тілдегі әзілдер титрмен аударылып беріледі. Осы орайда біздің қазақша айтқан әзілдеріміз кесілмейді, ресейлік көрермен түсінуі үшін әзілдің мазмұны титрмен жеткізіледі»,-деді Мәлік Хасенов.
Сонымен қатар 1 шілдеде Астанада өткен Жазғы кубок ойыны ресейлік Бірінші арнадан қыркүйекте көрсетілетіні хабарланды.
«Басты ойынға дейін редакциялаудың алты кезеңінен өтеміз. Яғни біздің ойынымызды тәжірибелі КВН өкілдері қарап шығады. Әрбір сөз таразыдан өтеді. Сондықтан осы сыннан өткізілген сөздің барлығы эфирге қалады»,-деп түсіндірді М. Хасенов.
Бұған дейін хабарланғандай, кесейлік КВН жұлдызы әрі тележүргізуші Сангаджи Тарбаев биылғы маусым айында «Каzахи» командасының жанында болып, КВН-ның Жазғы кубок ойындарына дайындалуға көмектесті.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 1 шілдеде Астанада алғаш рет КВН ойындарының Жазғы кубогы өтті. Үздік көңілді әрі тапқыр командалар елордада бас қосты - «Азия MIX», ресейлік Камызяк аймағының құрамасы, «Город Пятигорск» және «Каzахи». Қазылар алқасының құрамына Михаил Галустян, Валдис Пельш, Сергей Светлаков, Екатерина Стриженова, Юлий Гусман, Семён Слепаков, сондай-ақ алғаш рет Байғали Серкебаев енді. Жүргізуші Александр Васильевич Масляков болды. Астананың нышаны «Бәйтерек» түріндегі бас жүлде - Кубок жеті жыл өткен соң сахнаға толық құрамда өнер көрсеткен «Каzахи» командасының ойыншыларына бұйырды. Айта кетейік, Көңілділер және тапқырлар клубының ойындарына 15 жыл бойы қатысқан қазақстандық команда алғаш рет жүлдеге қол жеткізіп отыр.