Ресейдің белгілі қайраткері астаналық жас пианистер үшін тегін шеберлік дәрістерін өткізуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Валерий Пясецкий жас пианистер үшін шеберлік дәрістерін өткізуде, деп хабарланды елорда әкімдігінің ресми сайтында.

Ресейдің белгілі қайраткері астаналық жас пианистер үшін тегін шеберлік дәрістерін өткізуде

Астаналық балғындардың санасында болашаққа деген сенім, үміт пен арман жатыр. Олар Жәния Әубәкірова, Тимур Урманчеев сынды танымал пианист болуды армандайды. Ондай дәрежеге жету үшін бірнеше өнер баспалдағынан өту керек. Әзірге жас жеткіншектер үшін «Astana Piano Passion» қанатқақты байқау болмақ.

«Меніңше, биыл қазақстандық қатысушылар былтырғыдан да жоғары нәтиже көрсетуі керек. Дайындыққа әлі 2 ай бар. «Astana Piano Passion»-ның ауқымы кең, жоғары дәрежеде өтеді. Сондықтан оны фестиваль деуге де келеді. Ал, Мацуев байқау жеңімпаздарын өзімен алып жүріп, дүние жүзін шарлатады. Бұл да жастар үшін үлкен көмек», - Ресейдің Еңбек сіңірген қайраткері Валерий Пясецкий.

Пианист болып туу мүмкін емес деп білетін профессор Астанада шеберлік дәрісін өткізіп, балаларды мамыр айында өтетін байқауға дайындап жатыр.

«Мен Қостанай қаласында туылдым. Астанада 4 жылдан бері тұрамыз. Бұл байқау туралы былтыр білген уақыттан бастап дайындалып жатырмын», - Нұржан Тапалов .

Валерий Пясецкий күніне 8 баланың өнерімен танысып, бағыт-бағдар беруде. Естеріңізге салайық, 2013 жылы өткен пианистердің алғашқы байқауына әлемнің 20 елінен келген 130 пианист қатысқан еді.

Тегін жүргізілетін шеберлік дәрістері 24-28 ақпан аралығында өтеді.