Ресейдің БҚО-мен шекаралас «Маштаков» бекетінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ресейдің БҚО-мен шекаралас «Маштаков» автокөлік өткізу бекетінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соған байланысты «Сырым» автомобиль өткізу бекеті арқылы көлік қозғалысы екі есеге қысқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейдің БҚО-мен шекаралас «Маштаков» бекетінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі

БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифннгте мәлім еткеніндей, Ресей тарапынан түскен мәліметке сәйкес Самара мен Батыс Қазақстан облысы шекарасындағы «Маштаков» бекетінде бүгіннен басталатын жол жабынын төсеу жұмыстары 31 тамызға дейін жалғасады. Сонымен қатар бекетте инспекторлық-қарау кешені орнатылады.

Б.Айнабековтің айтуынша, Ресейдің бес өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысында «Сырым», «Тасқала», «Шаған», «Ақсай», «Жәнібек» және «Орда», барлығы алты автокөлік өткізу бекеті жұмыс істейді.

«Осылардың ішінде «Сырым» бекеті арқылы жүк көліктері ең көп өтеді. Орташа есеппен күніне 1331 жүк көлігі өтсе, соның 704-і Қазақстаннан Ресейге, 627-сі Ресейден біздің елге бет алады. Сондықтан «Маштаков» бекетінде жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты шекарада кептеліс болмас үшін жүргізушілер басқа баламалы бағыттарды таңдағаны жөн. Мысалы, «Шаған» және «Тасқала» бекеттері арқылы өте алады», деді Б.Айнабеков.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаймарданов аталмыш бағытта көлік қозғалысының екі есеге қысқаратынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, «Маштаков» пен «Сырым» бекетінен күн сайын 3 мың автокөлік (1500-і – жүк, 1500-і – жеңіл көліктер) өтсе, енді бұлардың саны азаяды. «Сырым» транзиттік бекеті арқылы Алматы, Бішкек, Өзбекстан және басқа Орталық Азия елдері бағытында қатынайтын жүк көліктерінің маусым кезінде көбейетіні белгілі. Олар Ресеймен қатар Еуропа елдеріне тауар тасымалдайды.

«Шаған» екі жақты өткізу бекеті болып саналады, яғни одан тек Қазақстан мен Ресей азаматтары ғана өтеді. Ал «Тасқала» көп жақты өткізу бекеті арқылы өзара келісім жасалған басқа елдердің азаматтары да өте алады. Жүргізушілер алдын ала жағдайды біліп, өздеріне оңтайлы бекеттердің қызметін пайдалана алады. Департаментте байланыс телефондары бар, хабарласуға болады», деді Т.Шаймарданов.